Цифрлык технология -оқыту құралы

Өткен аптаның соңында М. Махамбет Өтемісов Атындағы Университеттің физика-математика факультетінде болашақ мұғалімдерге арналған облыстық әдістемелік шара өтті. Шараны ұйымдастырушылар п.ғ.к., доцент А.Б.Медешова мен Информатика мұғалімдері және IT мамандарын дайындау БББ аға оұытушысы Г.К.Амантурлина.  Шараға жаратылыстану-география факультетінен (деканы Тұрғамбаев А.), мәдениет және өнер факультетінен (деканы Қажымова Қ.), филология факультетінен (деканы Ақболатов А.), физика, информатика мұғалімдерін даярлау білім бағдарламаларынан студенттер мен магистранттар, оқытушылар, педагогикалық қайта даярлау курсының тыңдаушылары (жетекшісі Телегисова Д.) мен университеттің әдістемелік жұмыстар мен білім беру технологиялары бөлімінің қызметкерлері қатысты. Шараның мақсаты: болашақ практиканттарды бүгінгі күні мектептегі оқу үрдісін ұйымдастыруда өзекті саналатын Интернет платформаларын пайдалануға үйрету. Шараны п.ғ.к., доцент А.Б.Медешова кіріспе сөзбен ашып, шараның практикалық зерттеу түрінде өтетінін атап көрсетті. Алдымен қатысушылардың қандай платформаны білетіні Padlet ортасында анықталды. 6 топқа бөлінген қатысушыларды әр топта үйретуші модераторлар қарсылап, практикалық жұмысқа кірісті. Модераторлар рөлін мектептегі информатика мұғалімдері атқарды. Flip-pity, Joyteka, Class-time, Educaplay, Plickers, AR технологиясымен электрондық кітап жасақтау платформалары қарастырылды. Әр топтың қатысушылары алдымен үйреніп, содан кейін өз білім бағдарламасына сәйкес мазмұнда үйретілген платформаны қолдану тапсырмасы берілді. Әр топтың қатысушылары өздері даярлаған өнімді көпшілікке баяндап, демонстрациялады. Бұдан кейін Padlet арқылы қатысушылармен кері байланыс оздырылды. Шара соңында әр қатысушы өз әдістемелік қоржынын жаңа цифрлық ресурс жасауға мүмкіндік беретін Интернет платформаларымен толықтырғандарын, біліп, үйренгеніне риза екендерін білдірді. Тіпті “Білім берудегі цифрлық технология” курсына сұраныс та түсті. Шындығында болашақ педагогтар цифрлық технологияны білетін болса, оқушының оқуға құштарлығын арттыра, өз сабақтарын тартымды өткізе, сабақ уақытын үнемдей алар еді. Бұл студенттердің байқаған, кәсіби құзыреттілік тұрғысынан сұранып тұрған мәселе екені айқын көрінді. Шараның қорытындылағаннан кейін қатысушылар әдеттегідей кетуге асықпай, тағы жалғаса түссе екен дегендей орындарынан жәй қозғалды. Бұл шара “студент-магистрант-мұғалім-оқытушы” байланысы арқылы жүзеге асырылды. Мұндай “Мектеп-ЖОО” арасындағы өзара тұйықталған шеңбердегі “диалогтық” қарым-қатынастың тиімді екені технологиялық тұрғыдан байқалды. Шараны ұйымдастырушылар алдағы аптадан бастап педагогикалық сараманға шығатын білім алушылардың кәдесіне жарайды деп сенеді. Сонымен қатар, жоғарыда аты-жөні келтірілген бөлім басшылары мен мектеп мұғалімдеріне қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз. “Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз” дейтін ақпараттың толассыз көбеюі кезеңінде өмір сүріп жатырғандықтан, білгенімізбен бөлісіп, болашақтың педагогтарын заман талабына сай біліммен қаруландыра білген абзал.