«МЕН ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ»

21.02.2024ж күні информатика мұғалімдері мен IT мамандарды дайындау білім беру бағдарламасының оқытушысы З.М.Химеденованың ұйымдастыруымен «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында дөңгелек үстел оздырылды. Мамандық туралы ой бөлісу, пікір алмасу, студенттеріміздің мамандықтары туралы көзқарасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге факультет студенттері мен оқытушылары қатысты. Дөңгелек үстел еркін форматта өткізілді, яғни 1-2 адамның сұхбатасуымен шектелмей аудитория жұмылдырылды.

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді екен. Біреулері үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, ал келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулер үшін – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң қол жеткізеді. Міне, осындай мазмұндағы ақпараттың төңірегінде біраз сауалдар талқыланды. Дөңгелек үстел «Маманмен сұхбат», «Менің пікірім», «Ойыңды дәлелде»,  «Жағдаяттық сұрақтар», «Әріптер сөйлейді» бөлімдерін қамтыды. Дөңгелек үстелімізге қатысқан жас мамандар  «Банк центр кредит» акционерлік қоғамының IT маманы, «Torus.KZ» ЖШС-нің продакт менеджері және информатика мұғалімдері мен IT мамандарды дайындау БББ-ның оқытушысы Асель Галимовна мен

математика мен физика мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасының оқытушы магистрі Гүлрайхан Тұрсынғалиқызы «Маманмен сұхбат» айдарында өз ойларымен бөлісті. Ұстазға тән үлгі көрсетіп жүрген, талай студенттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз, п.ғ.к., доцент – Айгүл Бактыгалиевна «Менің пікірім» айдарында мамандық туралы ойымен бөлісіп, студенттерге ғылыми жобалар дайындауда өзінің кеңесін берді. «Ойыңды дәлелде» айдарында студенттер бой көрсетті.  Екі топқа бөлінген студенттер «Мамандық бір-ақ рет біржола таңдалады» және «Жақсы білім алу үшін қымбат оқу орнына түсу керек» деген тұжырыммен келіспейміз деген ұйғарым жасап, өз пікірлерін дәлелдеді.

 «Жағдаяттық сұрақтар» бөлімінде оқытушылар түрлі сұрақтарға жауап берсе, «Әріптер сөйлейді» айдарында студенттер мен оқытушыларымыз өздеріне түскен бір әріптің аясында қойылған қызықты сұрақтарға жауап беріп, аудиторияны керемет сәтке бөледі. Дөңгелек үстел студенттер мен оқытушылардың «Padlet» тақтасына кері байланыс беріп, алғыстарын айтуымен өз мәресіне жетті.