Информатика кафедрасында өткен «Оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер» тақырыбы бойынша тренинг

6-сәуір күні физика-математика факультетінің «ЖОО мен мектепте физика, математика және информатиканы оқытудың теориясы мен практикасының өзекті мәселелері» атты әдістемелік апталығы аясында  информатика кафедрасының ғылыми-әдістемелік семинарының жоспарына сәйкес «Оқытудағы заманауи әдіс- тәсілдер» тақырыбы бойынша тренинг өткізілді. Семинарға Орал қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Нагибова Г.С., Дарынды балаларға арналған № 8 облыстық мамандандырылған мектептің  информатика пәні мұғалімі Полулях Е.В., №41 мектеп-лицейінің  информатика пәні мұғалімі Сатканова Э.М. және БҚО әкімдігі білім басқармасының Бәйтерек ауданы білім беру бөлімінің "Макаров жалпы орта білім беретін мектебі" КММ информатика пәні мұғалімі Дуюсенгалиева Б.С. қонақ ретінде шақырылды. Шараға физика-математика факультетінің деканы Абулкасова Д.Б., информатика кафедрасының оқытушылары және студенттер қатысты.

Семинар мақсаты болып     «мектеп-ЖОО»  сабақтастығы аясында оқушылар мен студенттерге қазіргі заман талабына сай білім беруде интерактивті заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану тәжірибесімен бөлісу саналды. Осы мақсатта шақырылған қаламыздың беделді мектептерінің информатика пәнінің мұғалімдері қатысушылар алдында шеберлік сабақтары мен тренинг көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Алдымен сөз алған Сатканова Э.М. қатысушыларға кәмпит үлестіріп, қатысушылар ұялы телефондары арқылы оған жапсырылған QR кодты оқу арқылы жағымды көңіл күй сыйлайтын смайликтерді оқыды. Сонан соң шеберлік сабақта Learning apps, Wordwall, Google Form қосымшаларда жасалған тестілік тапсырмаларды демонстрациялады. Сонымен қатар,  сабақ өткізуде оқушылардың қызығушылығын туғызатын Тарсия әдісі, Фри әдісі, Попкорн әдістерін қолданып қатысушылар  бірнеше тапсырмалар орындады. Шеберлік сабағы Padlet қосымшасында қатысушылардың кері байланыс беруімен қорытындыланды.

Полулях Е.В. семинарға қатысушыларға "5Е-модель урока в обучении информатике" тақырыбы бойынша тренинг өткізді.  Тренинг ағылшын тілінде оқыту жағдайында заманауи информатика сабағын жоспарлау мәселелеріне арналды.  Мұғалім IT және CLIL технологиясын қолдана отырып, оқыту тәжірибесімен және кейбір оқыту әдістерімен бөлісті. Информатика мұғалімінің алдында оқу міндеттері күрделене түсетінін атап өтті: тек пәндік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар сөздік қор және шет тілін қолдану аясы кеңейтіледі. Ол информатика сабағын табысты жоспарлаудың 5Е моделі жайында айтып және сабақтың негізі болатын жұмыс формасын көрсетті. 5Е моделі конструктивизм теориясына негізделген және оқытудың дәстүрлі тәсілінен ерекшеленеді. Бұл теорияға сәйкес, оқушылар білімді тек тәжірибе арқылы қалыптастырады, өйткені білімді дайын түрде жеткізу мүмкін емес. 5Е моделін қолданып оқытудың мақсаты­­­­- білім алушыларға шынымен қажет білімді қалыптастыруға көмектесу. Сондықтан мұғалім осындай тапсырмаларды ұсынады және әр оқушының әлеуетін ашу, оларды ойлауға және мәселелерді сындарлы түрде шешуге үйрету, жаңа тәжірибе алу және оны өз бетінше сынап көру үшін сабаққа жағдай жасайды, осылайша жаңа білім алынады.

Тренингті жүргізуші 5Е моделінің Engage (Тарту), Explore (Зерттеу), Explain (Түсіндіру), Elaborate (Нақтылау), Evaluate (Бағалау) ағылшынша бес сөзден құралғандығын айта келіп, бұл модель бойынша сабақты жоспарлаудың әр кезеңіне жеке жеке тоқталып, информатика пәні бойынша бұл кезеңдерге мысалдар келтірді. Практикалық тапсырмалар мысалында мұғалім информатиканы оқытуда 5Е моделі өте тиімді болуы мүмкін екенін көрсетті, өйткені бұл студенттерге алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Келесі болып «Project-based learning (жобалау) әдісі»  тақырыбы бойынша сөз алған Нагибова Г.С. семинарға қатысушыларға оқушылардың белгілі бір проблеманы шешу арқылы жаңа білім мен дағдыларды игеруіне жағдай жасайтын проблемалық оқыту (PBL)  жайында айтты. Қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі әріптестерімен бірнеше жылғы

жүргізілген іс- тәжірибені зерттеу нәтижесінде бірігіп құрастырылған «Оқу үдерісінде PBL-ді қолдану» тапсырмалар жинағындағы бірнеше мысалға тоқталып өтті.

Семинар соңында информатика кафедрасының оқытушысы Химеденова З.М. "Оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері" тақырыбында тренинг өткізді. Тренинг барысында  "Мьюнстерберг", "9 бриллиант", "Бір минут", "Қатені тап", "Даналық ағашы",  "Тұлғаны танып біл!", "Алфавит", "Әуенді терапия" әдістері демонстрацияланды. Әр әдіске түсініктеме беріліп, оқытушылар арасында әрбір әдіске  тапсырмалар орындалды. Кафедра оқытушылары тренингке өте белсенді қатысты. Тренингке қатысушылар сыни тұрғысынан ойлау арқылы сұрақтарға жауап берді,  өз пәндері бойынша түйінді сөздерді жазып түсіндірді, мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, жауаптарын талқылап даналық ағашына ілді, бір-біріне қандай тұлға сұрағы бойынша кері байланыс жасады, сұрақ пен жауап жазылған қағазды  сәйкестендірді, сөзі оқытушыны жігерлендіруге жазылған мотивациялық әуенді шырқады.

Педагогикалық қоржындарына жаңа әдіс-тәсіл түрлерін байлаған мектеп мұғалімдері мен кафедра оқытушылары семинарда өз тәжірибесімен бөліскен  әріптестеріне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Кафедраның ҒӘС-ның жетекшісі:  Ғ.Г. Мухамбетова