«Білім беру үдерісінде иммерсивті технологияларды қолдану мәселелері мен перспективалары» тақырыбы бойынша шеберлік класы

26-желтоқсан күні информатика кафедрасының ғылыми-әдістемелік семинарының жоспарына сәйкес «Білім беру үдерісінде иммерсивті технологияларды қолдану мәселелері мен перспективалары» тақырыбы бойынша шеберлік класы өткізілді. Семинарды оқытушы, магистр Рамазанова Л.Е. жүргізді. Семинар кафедра ПОҚ арасында білім беру үдерісінде жаңа технологияны қолдану тәжірибесімен бөлісу мақсатын көздеді.

Семинарды жүргізуші Рамазанова Л.Е. алдымен иммерсивті технологияға тоқталып өтті. Ол өз сөзінде иммерсивті технологияның кеңейтілген шындық технологиялары екенін, олардың тізіміне виртуалды және кеңейтілген шындық, сондай-ақ 360° бейне кіретінін айтты. Иммерсивті технологияның балама кеңістікте толық немесе ішінара болу әсерін қамтамасыз ететініне және осылайша мүлдем басқа салалардағы пайдаланушы тәжірибесін өзгертетініне тоқталды.

Сонан соң, семинарға қатысушылар иммерциялық технологиямен жұмыс жасаудың EyeJack Creator, CoSpaces Edu компьютерлік қосымшаларымен танысты. Атап айтсақ, EyeJack Creator–кеңейтілген шындық қолданбаларын жасауға, көруге және бөлісуге мүмкіндік беретін болса, ал Cospaces Edu– бұл әр түрлі жастағы балаларға арналған онлайн-платформа. Бұл бағдарламалық құралды мектепте және сонымен қатар, қашықтан сабақ беру үшін қолдануға болатыны айтылды.

Семинар барысында кафедра мүшелері EyeJack Creator, CoSpaces Edu компьютерлік қосымшаларын ноутбуктеріне және ұялы телефондарына жүктеп,  практикалық жұмыстар орындады. Алдымен дайын шаблонмен жұмыс жасап, соңынан өздері панель жасап, өз бетінше виртуалды және кеңейтілген шындық бейнелер құрастырды.

Семинар нәтижесінде кафедра оқытушылары білім беру үдерісінде иммерсивті технологиялармен жұмыс жасаудың EyeJack Creator, CoSpaces Edu компьютерлік қосымшалары бойынша   өзінің тәжірибесімен бөліскен Л.Е. Рамазановаға алғыстарын жаудырды.

Кафедраның ҒӘС-ның жетекшісі:     Ғ.Г. Мухамбетова