Кәсіптік бағдар беру — қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесуде, мақсатты атқарылатын жұмыс. Кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға мүмкіндік жасайды.
Кәсіби-бағдар беру жұмысы жоспарлы түрде Ж.Молдағалиев атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің кәсіби-бағдар беру онлайн форматта жүргізілді. Шараға 11 «а», «ә» сынып оқушылары, оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.И. Беккалиеважәне тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Ж. Абрахманова, сынып жетекшілері қатысты.
Сынып жетекшісі Гульмира Амангельдиевна 11 сынып бітіруші саны 38 оқушы бітіретінін және көп оқушылар жаратылыстану бағыты бойынша бейіндік пәндер таңдап отырғанын айтып өтті.
Алдымен шараны ұйымдастырушы оқытушы, магистр Б.С. Насырова сөз алып оқушыларға 90 жылға жуық кәсіби білім беретін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетінің тарихына тоқталып, қазіргі университеттегі білім беру бағыттары мен мамандықтар туралы баяндады. Қосарланған мамандық бойынша оқу жағдайы жөнінде жақсы мағлұмат берді.
Жалпы онлайн форматта өткізілген шарада Б.С.Насырова биылғы ҰБТ өзгерістерін оқушыларға егжей-тегжей түсіндіріп берді. Оқушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Оның ішінде ҰБТ қандай форматта өтетіні, таңдау пәнінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылықтан 5 сұраққа қысқартылатыны, ол 5 сұрақ таңдау пәндеріне қосылатыны айқын айтылды.
ҰБТ өту мерзімі бойынша сауалдарға тыңдаушыға түсінікті түрде жауап берілді. ҰБТ-дің тағы өзгерістерінің қатарына 2021 жылдың қаңтар айында ескі форматта ең соңғы бағытта тапсыратынын, 2021 жылдың 1 наурыздан 31 мамыр аралығында әрбір бітіруші түлек 3 рет ҰБТ тапсыруға толықтай мүмкіндігі бар екенін айтып өтті (бірінші тапсыру тегін, екінші, үшінші тапсыру ақылы түрде жүзеге асырылады).
Жаңа форматта тапсыратын оқытушы (бітіруші түлек) алдымен порталға тіркеліп идентификациялаудан өтуі қажет болатыны да жақсы түсіндірілді. Онлайн форматты ҰБТ тапсырудағы тағы бір жақсы жағы талапкер компьютермен немесе ноутбукпен тапсырған кезде калькулятор, Д.И. Менделеев кестесін қолдануға толық еркі бар. Нәтижесінде үш рет тапсырған сертификаттың біреуін таңдауға талапкердің өз құқығы бар. Сертификат электронды нұсқада берілетіні де тілге тиек етілді.
Оқушылар физика-математика, химия-биология, география-математика пәндерін таңдап отыр. Оқушылардың басым көншілігі таңдау пәнін анықтағанымен, мамандық таңдауда әлі нақты шешім қабылдамағандарын ашық білдірді. Оқу орны ретінде біздің университетті таңдауға ата-аналардың көпшілігі оң көзқараста екені анық байқалды.
Шара соңында, оқушылар, ата-аналар мен мектеп мұғалімдері кездесу барысында қажетті ақпарат алғандығын айтып, университет өкілдеріне алғыс білдірді. Сұхбаттасу түрінде оздырылған онлайн шара сәтті өтті.