Физика пәні мұғалімдерінің облыстық семинары өтті

03.06.2022 күні М.Өтемісов атындағы БҚУ базасында Физика кафедрасының меңгерушісі Б.С.Имангалиеваның жетекшілігімен  "Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" акционерлік қоғамының "Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты" филиалы ұйымдастырған "Физика пәні мұғалімінің кәсіби құзіреттілігін дамыту" тақырыбындағы семинар курс өткен болатын. Бұл кездесуге облыстық және қалалық мектептерден 25 физика пәні мұғалімдері қатысты. Кездесу барысында Б.С.Имангалиева баяндама жасап, бүгінгі Физика білім бағдарламаларымен таныстырып, мектеп мұғалімінің дайындығына қойылатын талаптар, бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы алға қойылатын міндеттерді, оқу барысын түсіндіріп өтті. Мектеп мұғалімдері өз тарапынан жалпы білім беру бағдарламасындағы ерекшеліктер мен жұмыс барысындағы туындаған сұрақтарды бірігіп шешу мақсатында ойларын ортаға салды. Сонымен қатар А.У.Искалиева сөз алып, Физика пәнін ағылшынша оқыту білім бағдарламаларының ерекшеліктерін айтып, білім беру барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Соңында мектеп мұғалімдерінің сұранысы бойынша А.Н.Есенгалиева мен А.С.Тажғалиева  физика пәнінен «Электр және магнетизм», «Радиотехника», «Электроника» бөлімінен жүзден аса зертханалық жұмыстарды жасауға арналған ГалСен аппаратының тек зертханалық жұмыстар ғана емес, есеп шығаруға, сабақ түсіндіруге, эксперименттік тапсырмалар жасауға беретін мүмкіндіктерімен таныстырса, А.У.Искалиева аз қамтылған мектептерге де қолданылуға өте ыңғайлы Pasco эксперименттік платасын қолдану арқылы жасауға болатын оннан астам жұмыс түрлерінен мастер-класс көрсетті.

Семинар өте жоғары деңгейде қызықты өтті және Физика кафедрасының ұжымы мен мектеп оқытушылары алдағы уақытта осы бастаманы жалғастыруға келісіп тарады.

 

Физика кафедрасының оқытушысы А.С.Тажғалиева