«ІТ-БІЗДІҢ ТАҢДАУЫМЫЗ!» ФОРУМЫ АЯСЫНДАҒЫ КӘСІБИ БАҒДАР ЖҰМЫСЫ

     2022 жылдың 25 наурыз күні «Оқушылар сарайында» 8-11 сынып оқушылары арасында қалалық «ІТ-біздің таңдауымыз!» форумы өтті. Форумның мақсаты: отандық ақпараттық өнімдер мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және нығайту үшін мектеп оқушыларын IT-саласында жаңа, озық дағдылар мен білім алуға ынталандыру. Форум барысында IT-технологиялар саласындағы инновациялық дамудың ең өзекті мәселелерін талқыланды. Жалпы білім беретін мектептерде ақпараттық жүйелерді танымал ету үшін үздік ІТ-идеяларды анықтап, IT саласының мамандарымен, технологияларымен және өзекті мамандықтармен таныстырылды.  Форумға қонақ ретінде Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсететін және архивтер басқармасының басшысы П.С.Лежников; М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, информатика кафедрасының доценті А.Б.Медешова; ​Орал ақпараттық технологиялар колледжінің аға оқытушысы Л.А. Губайдуллина; Облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы М.М.Максот қатысты.

​     Шара барысында " ІТ дегеніміз не?, "Ақпараттық технологиялар" ұғымы, сондай-ақ бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беріліп, қонақтар ақпараттық технологиялар саласында алға жылжу тәжірибесімен бөлісті. Осы бағытта информатика кафедрасының доценті А.Б.Медешова оқушыларға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және информатика кафедрасы туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ІТ саласындағы мамандықтарға шолу жасады. Оқушылар өз көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауаптар ала алды. Форум аясында ұйымдастырылған  ақпараттық технологиялар саласындағы үздік идеяларды анықтау және 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге ақпараттық технологияларды танымал ету мақсатын көздеген "Үздік IT-идея" байқауында жан-жақтылығымен  танылған оқушыларға алдағы уақытта жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!