2021 - жылдың наурыз айының 30 - күні «Ақпараттық- коммуникациялық технологиялар пәнін ағылшын тілінде оқыту» тақырыбында Информатика кафедрасының ғылыми- әдістемелік семинарының кезекті отырысы өтті. Семинарды кафедра доценті, ә.ғ.к. Абулкасова Д.Б. өткізді. Семинар мақсаты болып ақпараттық- коммуникациялық технологиялар (АКТ) пәнін барлық мамандықтарда ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша тәжірибемен бөлісу саналды.
Семинарды жүргізуші Абулкасова Д.Б. алдымен АКТ пәнінің мақсатына тоқталып өтті. Ол өз сөзінде университетте «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқытудың мақсаты болып жаңа ақпараттық технологиялар саласындағы білімді жүйелеу және кеңейту, студенттердің ақпараттық мәдениетті қалыптастыру және қазіргі заманғы ақпараттық қоғамның әр түрлі салаларында ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін түсінуі саналатынын айтты. Бұл пәнді ағылшын тілінде оқыту студенттердің ақпаратты жинау, өңдеу, ұсыну және берудің заманауи технологияларының негіздерін қалыптастыру, ақпараттық технологияларды қолдану дағдыларын жетілдіру, қазіргі заманғы ақпараттық және компьютерлік технологиялар дамуының негізгі бағыттары туралы білімді игерумен ғана шектелмейді, сонымен қатар студенттердің халықаралық кәсіби ортаға енуіне мүмкіндік беретін коммуникативтік және мәдениаралық құзыреттілігін дамытуға негізделетініне атап көрсетті.
Сонан соң, АКТ пәнін оқытуда қолданылатын әдістерге тоқталып, оның маңызын атап көрсетті. АКТ пәнін ағылшын тілінде оқытуда қолданылатын мәтінмен жұмыс, сөздікпен жұмыс, аудио тыңдау, бейнежазбаларды қарау сияқты әдістерге тоқталды. Аударма жұмысының студенттердің пән бойынша сөздік қорын байытуға, АКТ курсының терминологиясын игеруге ықпал ететінін және материалды игеруді бақылауға көмектесетінін айтты. АКТ пәні бойынша сабақта бейнежазбаны көрсетудің де маңызын айта келіп, бейне материалдарды қарау кезінде дыбыстық және бейнелік жинақтау бір уақытта орын алатынына, бір уақытта дыбыс пен бейнені тарату ауызша айтылғанды түсіну дағдылары мен іскерлігін дамытуға ықпал етіп, білім алушылардың ауызша-сөйлеу қарым қатынасын ынталандыратынына тоқталып өтті.
АКТ-ны ағылшын тілінде оқытудың маңызды құралы Интернет-ресурстарды пайдалану болып табылады. Интернет-ресурстар білім беру кеңістігін ұйымдастырудың тиімді құралы болып табылады, өйткені олар студенттерге әр түрлі форматтағы жаңа материалдарды пайдалануға, сөйлеу әрекетінің бірнеше түрін жаттықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар студенттердің оқу-танымдық іс әрекеттерін басқаруға және бақылауға мүмкіндік беріп, тиімді ақпараттық ақпараттық орта құруға ықпал етеді.
Семинар барысында Абулкасова Д.Б. АКТ пәнін, сондай-ақ тілдік пәндерді оқытуда ағылшын тілінде оқытуда көмегін тигізетін келесі ресурстармен таныстырды:
- http://study-english.info;
- https://computer-eng.slovaronline.com;
- http://www.iubip.ru/library/links/references/dictionaries/IT;
- http://www.perfekt.ru/dict/pc.htm;
- https://www.real-english.com/;
- https://courses.aiu.edu/COMPUTERS.html. т.б.
Cонан соң, ол аталмыш сайттардың әрқайсысына егжей тегжейлі тоқталып, білім беру үшін қолдану жолдарын экраннан демонстрациялады.
Ол өз сөзін былайша қорытындылады: «Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, АКТ пәнін оқытудың тиімділігі, сонымен қатар жалпы білім беру үдерісінің тиімділігі көбіне оның әдістемелік қолдауына байланысты екендігін атап өтуге болады, өйткені ол ПОҚ-мен қатар ұсынылатын білім беру қызметінің сапасын анықтайтын факторлардың негізгісі болып табылады”.
Семинар соңында кафедра доценті, п.ғ.к. Медешова А.Б. сөз алып, семинар тақырыбының өте өзекті екенін, кафедра оқытушылары үшін қолданбалы сипатта болғанын айта келіп, берілген материалдардың оқытушылардың кәсіби құзіреттілігін дамытуда үлкен роль атқаратынына тоқталды. Тақырыптың ғылыми сипаттағы нәтижесі ретінде мақала ретінде жарық көруге ұсыныс жасады.
Кафедра оқытушылары бірнеше жылдан бері АКТ пәнін университтетің барлық мамандықтарының студенттеріне ағылшын тілінде жүргізеді. Пәнді ағылшын тілінде өткізудің қиындықтары да жоқ емес. Сондықтан, бұл семинардың кафедра оқытушылары үшін әдістемелік көмегі мол болары сөзсіз деген ойдамын.
https://fim.wku.edu.kz/kk/novosti/18-uncategorised/informatika-kafedrasy/258-a-paratty-kommunikatsiyaly-tekhnologiyalar-p-nin-a-ylshyn-tilinde-o-ytu-ta-yryby-bojynsha-ylymi-distemelik-seminar#sigFreeId0105f2ece8
Информатика кафедрасының ғылыми-әдістемелік семинар жетекшісі: Мухамбетова Ғ.Г.