Информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-да ақпан айында өткен ғылыми- әдістемелік семинарлар

Информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-ның ғылыми- әдістемелік семинарлары әртүрлі формада өтеді. Олардың бірінде IT және бағдарламалау саласындағы қызметтермен тәжірибе бөлісу мақсатында қаладағы  беделді IT- компаниясына экскурсиялар жасалса, ал екіншісі білім беру үдерісінде заманауи IT технологияны қолдану тәжірибесімен бөлісу мақсатында шеберлік кластар мен тренингтер, дөңгелек үстелдер түрінде ұйымдастырылады. Ақпан айында физика-математика факультетінің «Математика, физика және информатиканы оқытудағы ЖОО мен мектептердің өзара әрекеттестігі» әдістемелік айлығы аясында информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-ның екі ғылыми- әдістемелік семинары өткізілді. Оның бірі болып 7- ақпанда «Электрондық оқу құралдарын модельдеу мен құрастыру технологиялары» тақырыбы бойынша  өткізілген   тренинг саналады. Семинардың мақсаты болып электрондық оқу құралдарын жасаудың жаңа технологиялары  тәжірибесімен бөлісу   саналды. Семинарды информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-ның аға оқытушысы, магистр Иксебаева Ж.С. өткізді. Семинарға информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-ның оқытушылар құрамы, 6В01501 Информатика,  6В06102 Ақпараттық жүйелер БББ 3 және 4-курс студенттері, М.Өтемісов атындағы БҚУ әдістемелік жұмыс және білім беру технологиялары бөлімінің әдіскері Ермекбаева Л. Ж. қатысты.

Семинарда Иксебаева Ж.С. электронды оқыту құралының құрылымының теориялық, практикалық және білімді тексеру бөлімінен тұратынына тоқтала келіп, электронды оқыту құралын жасаудың келесі қосымшаларын атап өтті: Natata eBook Compiler, Adobe Acrobat Professional, Tildee,iSpring Suite, Flip Pro Professional, TurboSite.

 Сонан соң, электрондық оқу құралдарын дайындаудың TurboSite және Flip Pro Professional қосымшаларына жеке тоқталып, олардың көмегімен электрондық оқу құралдарын дайындау жолдарын көрсетті.

 Электрондық оқу құралы бұл ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарының көмегімен дайындалған белгілі бір пәндік саланы оқытуды бейнелейтін бағдарламалық құрал. Электрондық оқу құралын оқу үдерісінде қолдану баспа құралдары мен оқулықтарға қарағанда қолжетімді және оңай таратылады. Сонымен қатар, электрондық оқу құралын қолданып оқыту білім алушылардың қызығушылығын туғызып, білімді қабылдауды жеңілдетеді. Семинарда қарастырылған TurboSite және Flip Pro Professional қосымшалары электрондық оқу құралын жасаудың ыңғайлы, қолжетімді, әрі мүмкіндігі көп қосымшалары  болып табылады.

Ақпан айының 21-і күні  «Ғылыми басылымдарды дайындау үшін LaTeX жүйесін пайдалану» тақырыбы бойынша шеберлік класы формасында семинар өтті. Бұл семинардың мақсаты болып  білім беру үдерісінде жаңа IT технологияны қолдану тәжірибесімен бөлісу саналды.Семинарды информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ аға оқытушысы, магистр Муратова Ж.М. өткізді. Семинарға информатика мұғалімдері мен ІТ-мамандарын даярлау БББ-ның оқытушылар құрамы, 6В06102 Ақпараттық жүйелер БББ 2-курс студенттері қатысты. Семинар қатысушыларға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында тренинг өткізуден басталды.

LaTeX қосымшасы ғылыми құжаттарды дайындауда, кітаптар жазуда және басқа да көптеген баспа құралдарын көрнекі түрде дайындау үшін қолданылады. Ол әсем безендірілген құжаттарды жасауға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар пайдаланушыларға математикалық өрнектер, кестелер, сілтемелер және библиографиялар сияқты күрделі элементтерді өте тез енгізуге мүмкіндік береді.

Семинар барысында Муратова Ж.М. LaTeX қосымшасының қызметі, оны қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқтала келіп, бұл қосымшамен практикалық жұмыс жасауды интерактивті экраннан түрде демонстрациялады. Сонан соң, баспаға тапсырылатын құжатты жасаудың бастапқы файл құрылымын көрсетіп, бұл қосымша арқылы жасалатын мақала, слайд, есеп, кітап, хат, түйіндеме т.д. құжат түрлерінің шаблондары бойынша әртүрлі құжаттар  жасап көрсетті.

Екі семинарға  қатысқан оқытушылар мен студенттер тақырып аясында сұрақтар қойып, семинарда түйгендерін өздерінің  білім қоржынының толыға түскеніне балап  ризашылықтарын білдіріп  тарқасты.

 Информатика мұғалімдері мен IT мамандарын дайындау БББ-ның  ҒӘС жетекшісі:     Мухамбетова Ғ.Г.