1-наурыз күні Физика-математика факультетінің, информатика кафедрасында ИР-11, И-11, топтары мен топ жетекшісі Г.А.Дошеваның ұйымдастыруымен «Алғыс айту-парызымыз» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Барша әлемге жаңа дем беріп, жарық сыйлайтын көктемнің алғашқы күні 1-наурыз елімізде Алғыс айту күні болып жарияланды. Осы шара қарсаңында ұйымдастырылған тәрбие сағатының мақсаты: Ризашылық пен алғыс туралы түсінік беріп, студенттердің сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, олардың үлкен-кішіге деген сүйіспеншілікке, сыпайылық қарым -қатынасқа, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу. Шараға информатика кафедрасының оқытушылар құрамы қатысты.
Тәрбие сағатын физика-математика факультетінің деканы Абулкасова Д.Б. студентерге жылы лебізін білдіріп, алғыс сөзімен ашып берді. Шара барысында студенттер өлең шумақтары арқылы асыл адамдарына, білім берген оқытушыларына өз ризашылықтарын білдірді. Шараға байланысты арнайы түсірілген бейнеролик тамашаланды.
Кейін халқымыздың рухани дүниесінде ерекше орын алатын қазақы күй «Әлқисса» қос домбырамен орындалды. Керемет күйден соң қонақтардың көңілін көтеру мақсатында миға шабуыл жасайтын ойындар ойнатылды. Бұл барлығының жүзіне күлкі сыйлаған сәт болды. Шараны осындай көңіл күймен жалғастыру үшін гитараның сүйемелдеуімен әуезді ән де орындалды. Әнді барлығы бірге қосылып орындады. Тәрбие сағатының аяғында факультет деканының орынбасары Иксебаева Ж.С. студенттерге ризашылығын білдіріп, оқуларына сәттілік тіледі. Кештің соңында студенттер қонақтарға арнайы дайындалған шағын сыйлықтарын тарту етіп, мерекелерімен құттықтады. Тәрбие сағаты осындай жақсы лепте өз мәресіне жетті.