Қазан айының 27-сі күні информатика кафедрасының ғылыми- әдістемелік семинары аясында «Студенттердің ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Шара кафедра ББ студенттерінің ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылау және СҒЗЖ ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісу мақсатын көздеді.
Алдымен сөз алған т.ғ.д. профессор Гумаров Ғ.С. студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының (СҒЗЖ) үздіксіз жүйесі үштұғырлы білім беру процесінің ажырамас бөлігі болып табылатынын айта келіп, СҒЗЖ ұйымдастыру мен жүргізудің негізгі мақсаты түлектердің дайындық сапасын арттыру болып табылатынына және ЖОО-да оқытудың барлық сатыларында студенттерді ғылыми жұмысқа тарту жоғары білікті жас ғалымның қалыптасуына бағытталғандығына тоқталып өтті.
Гумаров Ғ.С. 4-курстың 7-семестрінде «Ғылыми зерттеу негіздері» пәнін оқытатынын және бұл пәнде келесі сұрақтар қарастырылатынын атап өтті:
- ұғымдық аппаратпен және ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және қою әдістерімен танысу;
- ғылыми-техникалық ақпаратты іздеу және өңдеу дағдыларын дамыту;
- студенттерді теориялық және эксперименттік зерттеудің заманауи әдістерімен таныстыру;
- СҒЗЖ өткізу бойынша өзіндік жұмыс дағдыларын дамыту.
Сонан соң, баяндамашы пәнді оқу үрдісінде қалыптасатын құзыреттіліктер мен курс аяқталғаннан кейін студенттер бойында қалыптасатын практикалық дағдыларға тоқталып өтті.
Сөзінің соңында Гумаров Ғ.С. бұл пәнді 4-курста емес, 2-курстың 4-семестрінде немесе 3-курстың 5-семестрінде оқытуға жоспарлап, пәннің жұмыс оқу жоспарына өзгеріс енгізсе деген өз ұсынысын айтты. Пәнді төменгі курста оқыту арқылы студенттерді ғылыми жұмысқа ертерек бейімдеуге болатынына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында кафедраның СҒЗЖ жетекшісі, аға оқытушы, магистр Курмашева Д.Н. сөз алды. Ол өз сөзінде студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарына сипаттама беріп, кафедрадағы жасалып жатырған жұмыстардың ахуалына тоқталды. Студенттердің байқауларға, конференцияларға және олимпиадаларға қатынасу деңгейі туралы сөз қозғалды. Осы оқу жылының қазан айында барлық білім беру бағдарламалары бойынша жеті студенттің мақалалары баспадан шыққаны туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда пайда болатын мәселелер қозғалды. Студенттерді ғылыми жұмыстарға баулу үшін жасалатын алғы шарттар айтылып, оларға мотивация беру, ізденісін бақылау, топпен жұмысқа үйрету, аудиторияның алдында сөйлеуге үйрету сияқты мәселелеріне тоқталып өтті.
Қорытынды сөзді п.ғ.к., доцент А.Б. Медешова түйіндеді. Ол өз сөзінде студенттердің ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуына көп көңіл бөлу қажеттігін айта келіп, олардың ғылыми мақала мен баяндама тезисін жазуда, курстық жұмыс пен дипломдық зерттеу жұмысын жазуда үлкен қиыншылықтарға тап болып жүргеніне тоқталды. Осы мақсатта т.ғ.д. профессор Ғ.С.Гумаровпен авторлық бірлестікте бітіруші курс студенттерінің дипломдық жұмысын дайындауға арналған әдістемелік құралдың дайындалып жатқанын айтты.
Семинар барысында А.Б. Медешованың ұсынысымен пәндік олимпиадаға студенттерден команда құрылып, олимпиадаға және Республикалық ғылыми зерттеу жұмыстарының байқауына студенттерді дайындау үшін жетекшілер тағайындалды.
Қорыта айтқанда, кафедра мүшелеріне студенттерді пәндік олимпиадаға және Республикалық ғылыми зерттеу жұмыстарының байқауына дайындау және студенттермен бірігіп Халықаралық, Республикалық конференцияларға мақала жариялау міндеті жүктелді.
Кафедраның ҒӘС-ның жетекшісі: Ғ.Г. Мухамбетова