“Түлектердің әдістемелік қалыптасуындағы проблемалар мен ұсыныстар” онлайн форматта өткен дөңгелек үстел

2021- жылдың  қаңтар айының 14- күні  Информатика кафедрасының ғылыми- әдістемелік семинар аясында “Түлектердің әдістемелік қалыптасуындағы проблемалар мен ұсыныстар” атты дөңгелек үстел шарасы  Zoom платформасында онлайн форматта өткізілді. Кездесу шарасына информатика кафедрасының оқытушылары, педагогикалық информатика мамандығын 2018, 2019 және 2020 жылы бітірген түлектер және осы мамандық бойынша білім алып жатқан 4- курс студенттері  қатысты. Түлектер Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Қызылорда, Атырау, Қостанай қалалары мен облыстарында лицей, гимназия және жалпы орта білім беретін  мектептерде информатика пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған түлектер, мысалы Сүлеймен Оралхан, Әділбекова Әсемгүл  өздерінің жоғары білім алған Орал  қаласында ұстаздық қызметін атқаруда.  Түлектердің көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал қаласының жоғары оқу орындарынан магистратура тәмамдаған.

         Онлайн кездесу түлектердің бітірген жылдары, қазіргі кездегі мекен жайы мен қызметі, студент кездеріндегі фотолары т.б. мәліметтерден тұратын Canva қосымшасында жасалған презентация көрсетілуден басталды.

Сонан соң, түлектердің әрқайсысы сөз алып, қазіргі кездегі қызметтері, жеткен жетістіктері жайында баяндады. Мысалы, 2019 ж. түлегіміз, қазіргі  кезде Ақтау қаласы, №13 гимназиясының информатика пәні мұғалімі Төресаева Ақжонас оқушыларының қалалық ғылыми зерттеу конкурсы мен «Робототехника» бойына жарыстарда жүлделі орындарға ие болғанын, өзінің «Білімді ару» номинациясының  жеңімпазы болғанын айтса, 2018 ж. түлегіміз, Ақтау қаласы, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп интернатының информатика, роботехника пәні мұғалімі Бектілеу Мейіргүл «Ең үздік бағдарламашы» номинациясының  жеңімпазы болғанын мақтанышпен айтты.

2018 ж. «Серпін» бағдарламасы бойынша бітірген түлегіміз Сүлеймен Оралхан  оқу орнын тәмамдаған соң БҚО, Теректі ауданының Абай ауылының мектебінде информатика пәні мұғалімі болып бір жыл қызмет атқарып, облыстық жас оқытушылар конкурсында жүлделі орынға ие болғанын, қазіргі кезде Орал қаласының Ә. Молдағұлова атындағы  №38 мектеп-лицейінде информатика пәні мұғалімі қызметін атқаратынын баяндады.

2020 ж. оқуды бітірген түлегіміз Жуманиязов Махмуд Қостанай қаласы, Қостанай “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицейінде информатика пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Ол өз сөзінде студенттік кезінің соңғы семестрінде әлемде болып жатқан жағдайға байланысты онлайн оқып бітіріп, ұстаздық қызметін де онлайн жұмыс жасаумен жалғастырып, тек осы тоқсанда ғана өзі  қызмет ететін лицейдің дәстүрлі оқыту режиміне  көшіп жатқанына тоқталды. Ол дәстүрлі режимде оқушылармен жолығып, оларға  тақта алдында сабақ беріп, өзінің мұғалім екенін енді ғана сезініп жатқанын айтты.

2018 ж. «Серпін» бағдарламасы бойынша бітірген түлегіміз Жүніс Думан Әл- Фараби атындағы ҚҰУ магистратурасын бітіріп, қазіргі кезде Алматы облысы, Қарасай ауданының Жамбыл ауылында №2 орта мектебінің информатика пәні мұғалімі болса, 2018 ж. түлек Мәжитова Жібек  Атырау қаласы, Марат Отаралиев атындағы ЖОББМ информатика пәні мұғалімі қызметін атқарады. Ол қазіргі уақытта М. Өтемісов атындағы БҚУ-де математика мамандығы бойынша магистратурада білім алады.   

 

   Онлайн шараға қосылған барлық түлектер өмірден өз жолдарын тауып, осындай дәрежеге жетуге барлық білімі мен күш жігерін жұмсаған М. Өтемісов атындағы БҚУ-дің барлық ұстаздарына, соның ішінде информатика кафедрасының ұстаздарына, кураторларына жүрекжарды тілектерін атып, алғыстарын жеткізді. «Информатиканы оқыту әдістемесі»,  «Жаңартылған білімнің теориясы мен технологиясы», «Бағдарламалау тілдері» пәндері бойынша алған білімдерінің  тәжірибеде қолдануға көмегінің көп болғанын, жалпы оқыған барлық пәндерді жаңа бастаған өмір жолдарының әр саласында пайдаға асырып жүргендіктерін айтты. Түлектер маман болып әдістемелік қалыптасуында айтарлықтай проблемалар кездеспегеніне тоқтала келіп, мектеп бағдарламасына жаңадан енгізілген «Python бағдарламалау тілі» , «Робототехника» пәндерін тереңдетіп оқыту, бағдарламалау тілінен олимпиадаға дайындау, смартфондарға арналған қосымшалар құрастыруға көбірек көңіл бөлінсе деген  ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, төменгі курстарда өкізілетін педагогикалық сараман сағатын  көбейтіп, оқушылармен тығыз жұмыс жасауды  2,3-курстан бастаса деген өз ойларын жеткізді.

Онлайн форматта болса да, бір бірімен сағына көріскен кафедра оқытушылары мен үш жыл ішінде бітірген түлектер әрі қарай да байланыстарын үзбей, жаңалықтарымен бөлісіп отыратындықтарын айтып, бір біріне деген жылы  лебіздері мен алғыстарын  білдіріп,  қимастық сезімде тарқасты.

Информатика  кафедрасының ғылыми-әдістемелік семинар жетекшісі: Мухамбетова Ғ.Г.