Білім беру жобаларын жасауға арналған жасанды интеллект құралдарының экожүйесі

Информатика мұғалімдері мен ІТ мамандарын дайындау білім беру бағдарламасының аға оқытушылары Иксебаева Ж.С. мен Муратова Ж.М. «Оқытудағы инновациялар: жасанды интеллект пен цифрлық ресурстар арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбындағы әдістемелік айлық шеңберінде «Білім беру жобаларын жасауға арналған жасанды интеллект құралдарының экожүйесі» тақырыбында семинар өткізді. Семинар «Жасанды интеллект негіздері» курсына жазылуды автоматтандыру және оқу процесін ыңғайлы әрі тиімді ұйымдастыруға арналған заманауи AI-құралдарды пайдалану тәжірибесіне арналды.

Семинар барысында білім алушыларды курсқа тіркеу, ақпараттық хабарламаларды тарату және оқу материалдарына қолжетімділік беру процестерінің көп уақыт алатыны атап өтілді. Бұл жағдай оқытушылар мен студенттер үшін ұйымдастырушылық қиындықтар туындататыны талқыланды. Осыған байланысты оқу процесін автоматтандырудың маңыздылығы ерекше көрсетілді.

Аталған мәселенің өзектілігі «Жасанды интеллект негіздері» курсының мазмұнымен тікелей байланысты. Себебі бұл курс заманауи цифрлық және жасанды интеллект технологияларын қолдануды көздейді. Оқу процесін автоматтандыру білім алушылар мен оқытушылар үшін процесті түсінікті, тиімді және қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты - «Жасанды интеллект негіздері» курсына жазылу, тіркеу және оқу материалдарына қолжетімділікті басқару процестерін заманауи AI-құралдарды пайдалану арқылы автоматтандыру. Сонымен қатар, оқу процесін цифрлық платформалар арқылы тиімді ұйымдастыру көзделеді.

Семинар барысында бірнеше заманауи цифрлық құралдарды қолдану және оларды өзара интеграциялау мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, Lovable.dev платформасы веб-интерфейс құруға және пайдаланушыларға ыңғайлы тіркеу формаларын жасауға пайдаланылды. Make.com сервисі әртүрлі сервистерді байланыстырып, автоматты жұмыс процестерін (автоматтандырылған тіркеу, хабарлама жіберу, деректерді өңдеу) ұйымдастыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде таныстырылды.

Сонымен қатар Notion платформасы оқу материалдарын сақтау және жүйелеу ортасы ретінде қолданылды, ал ChatGPT білім алушылардың сұрақтарына жауап беру, мәтіндік материалдарды дайындау және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында пайдаланылды.

Көрнекі және графикалық материалдар дайындау үшін RecraftAI құралы ұсынылды, ал презентациялар мен оқу мазмұнын визуалды түрде ұсыну үшін GammaAPP платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.

Семинар нәтижесінде қатысушылар жасанды интеллект құралдарын білім беру жобаларын әзірлеуде қолданудың тиімді тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар, цифрлық құралдарды біріктіру арқылы оқу процесін автоматтандыру, ақпарат алмасуды жеңілдету және білім алушылардың оқу материалдарына қолжетімділігін арттыру мүмкіндіктері талқыланды.

Өткізілген семинар оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға және жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді пайдалануға бағытталған тәжірибелік алаң ретінде маңызды болды.