12.02.2025 ж. информатика мұғалімдері мен ІТ мамандарын дайындау БББ-ның ғылыми әдістемелік семинарының жоспарына сәйкес «Математика-информатика сабақтарында интеллект картаны пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында шеберлік класы өткізілді. Оған қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Зинуллина С.К. мен информатика пәнінің мұғалім-сарапшысы, магистр Г.С. Нагибова шақырылды. Семинар мақсаты болып математика және информатика пәндерін оқытуда интеллект- картаны пайдаланудың тиімділігін зерттеу жұмысының нәтижелері бойынша тәжірибе бөлісу саналды.
Алдымен сөз алған С.К. Зинуллина ішкі және сыртқы жиынтық бағалау нәтижелеріне сараптама жасау нәтижесінде оқушылардың сабақта алған білімдерін жаңа жағдайда қолдану нәтижесінің, яғни интерпретациялау дағдыларының төмен болуы осы зерттеу жұмысына негіз болғандығын, сондықтан мәселені шешу мақсатында математика сабақтарында Тони Бьюзеннің интеллект картасын қолданғандығына тоқталды. Интеллект карта жасау оқушының сөйлеу, образ жасау, сан, логика, түс, кеңістіктік пайымдау сияқты адамның ойлау қабілеттерінің барлық жағын қамтитынына, интеллект-карта қандай мақсатқа қолданылса да оқушыны анық ойлауға, мәселені креативті, шығармашылықпен шешуге және сенімді шешімдер қабылдауға көмектесетініне тоқталып өтті. Интеллект картаны қолдану арқылы өткізілген сабақтар өзінің оң нәтижесін бергендігін, зерттеу нәтижесінде әр оқушының сабақта қызығушылығының оянғандығы, сыныптағы креативті атмосфераның орын алғандығы, жалпы ақпараттан негізгі ақпаратты бөліп алу, кілт сөздерді анықтау, материалды жүйелі түрде жинақтау, визуалды түрде бейнелеу оқушылардың оқу стиліне әсерін беріп, нәтижесінде тоқсан бойынша жиынтық бағалауда ілгерілеушілік байқалғандығын мысалдар мен зерттеу нәтижесінің диараммалары арқылы көрсетіп берді.
Семинарды жалғастырған Г.С. Нагибова бірнеше жылдан бергі зерттеу жұмысы тек оқушыларға емес, сонымен қатар мұғалімдердің де кәсіби дамуына оңтайлы әсер еткендігін, креативті коммуникация, тиімді коллаборация, математика мен информатиканың интеграциясы, белсенді оқыту әдістерін тереңірек қолдану жүзеге асып, зерттеу дағдыларының артқандығын айта келіп, өткізілген сабақтардан мысалдар келтірді.
Семинар барысында аталмыш тақырыптағы мұғалімнің жұмысы туралы көзқарастар талқыланып, зерттеу мәдениеті, оқушыларға сапалы білім берудегі оқыту құралдарын таңдау мәселелері бойынша ой бөлісу жүзеге асырылды.
Семинар соңында оған қатысушылар білім қоржынының жаңа әдіспен толыға түскенін айтып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.
информатика мұғалімдері мен IT мамандарын дайындау БББ-ның ҒӘС жетекшісі: Мухамбетова Ғ.Г.





