Түлегімізбен мақтанамыз

28 мамыр күні М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «100 жаңа есім» жобасына енген жас физик-ғалым, физика ғылымы бойынша (PhD) доктор, университет түлегі Нұрхат Жакиевпен «Түлегімізбен мақтанамыз» атты кездесу кеші өтті.
Кездесуге жас ғалымның университет қабырғасында білім алған уақытындағы ұстаздары мен достары, алғаш еңбек жолын бастаған сәттегі қызметтес әріптестері, физика-математика факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
30-дан асып орда бұзған Нұрхат Жакиев Батыс Қазақстандағы Сырым ауданының тумасы. Мектепті үздік тәмамдаған соң, 2001 жылы БҚМУ-дың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 2005 жылы үздік дипломмен бітіреді. Ғылым жолына деген қызығушылық Нұрхат Қуандықұлын магистратурада білімін жетілдіруге итермелейді. Жоғарғы оқу орнынан соң бірнеше жыл университетімізде қажырлы еңбек етіп, облыста жас ғалымдар кеңесінің негізін қалайды. БҚМУ үшін атқарған алуан жұмыстары жемісін берген сәтте, 2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не докторантураға білім алуға аттанады. Қажырлы еңбектің арқасында диссертациялық жұмысты уақытылы сәтті аяқтап, 2015 жылдан бастап Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.
Бүтін санды сызықтық программалауды пайдаланып энергожүйенің компьютерлік модельдерін жасаған, онысы инвестициялық және операциялық сценарийлік талдау жасауға мүмкіндік береді. Зерттеулер ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлыбритания – Елбасы қорының ғылыми зерттеулерге бөлген гранттары аясында жасалған. Жұмыстардың нәтижесі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылды. Нәтижелер жоғары рейтингілі “Energy Procedia”, "Energy Conversion and Management" (Impact Factor: 5.589) және “The Energy” (Impact Factor: 4.520) журналдарында жарияланған. 15-тен аса ғылыми жарияланымдары, ЭЕМ-ге арналған программаларға 5 авторлық куәлігі және бір патенті бар.
Нұрхат Қуандықұлы Халықаралық Энергетика Қауымдастығы ұйымдастырған энергомоделистер форумында (Брюссель, 2018), Еуропалық Комиссия ұйымдастырған энергомодельдеу сарапшыларының сессиясында (Афины, 2016) баяндама жасаған. Ньютон-Әл Фараби серіктестік бағдарламасының семинарын ұйымдастырған (Астана, 2016). БҰҰ Шектемелі Конвенциясына климаттың өзгеруі туралы VII ҚР Ұлттық хабарламасы мен Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының өнеркәсіптік процестер бойынша ұлттық сарапшы ретінде парниктік газдар шығарылуын болжаудың екі жылдық баяндамасын дайындауға қатысқан. Халықаралық статистикалық сауаттылық қоғамының еліміздегі үйлестірушісі. Польша, Великобритания, Германия елдерінде ғылыми тағылымдамадан өткен.