2022 жылдың 10 маусымы күні Орал қаласында дәстүрлі Uralsk Green Forum шарасы өтті. Экологиялық форумды Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» бірлесіп ұйымдастырды. Шара «Жасыл трансформация: трендтер мен сын-қатерлер» тақырыбының аясында өткізілді.
Форумның мақсаты:
- «Жасыл» экономика тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында тәжірибе алмасу мен әрі қарайғы әріптестік үшін платформа қалыптастыру;
- Өңірдің тұрақты дамуына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыру және бірлесіп күш біріктіру үшін қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша кешенді диалогты күшейту;
- Жастардың экология мәселелерінен көбірек хабардар болуына жағдай жасау арқылы экологиялық құндылықтарға басымдық беретін жаңа буынды тәрбиелеу.
Форумға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың, мұнай-газ компанияларының, салалық және мамандандырылған бірлестіктердің өкілдері, экология және жасыл трансформация саласындағы сарапшылар, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері, БҚО студент жастарының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылар шараны жоғары деңгейде өткізді. Шара осы жылы ашылған «Атамекен» өнер ордасында өтті. Қатысушыларды және шақыртулы қонақтарды құрметпен қарсы алып, форумның жоспарымен таныстырды. Кейін көрме залына апарды. Залда қоршаған ортаның ахуалы туралы стендтер, болашақ жоспарлар, жердің келешек жағдайынан көріністер және эко тақырыптағы зерттеулер қойылды.
Табиғатты ластамай өмір сүрудің жолы ретінде алмастыру жоспары таныстырылды. Яғни қазіргі кездегі біз қолданып жүрген табиғатқа зиянды заттарды, залал келтірмейтін заттармен алмастыруды ұсынды. Сонымен қоса жаңа технологияларды пайдалану үшін баламалы жолмен энергия алу тәсілі көрсетілді.
Форумға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те қатысты. Шақыртулы қонақтармен бірге көрмені аралап, жобалармен танысты. Кейін семинар залына барып, өзекті тақырыптар аясында баяндамаларды тыңдады. Жастарға өткізіліп жатырған семинар залына барып, сөз сөйлеп, жалынды тілегін жеткізді. Шара соңында қонақтармен және жастармен естелік суретке түсті.
Шара аясында Батыс Қазақстан облысының студенттері үшін өткізілген «Тұрақты болашақ үшін жасыл бағыт» Есо-Talksқа М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері де қатысты. Семинарда Қазақстанның түрлі өңірінен келген спикерлердің баяндамаларын тыңдап, өзекті тақырыптарға жауаптарын алды. Кері байланыс ретінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Қорытынды кезінде қатысқан студенттерді Германиядан келген өкіл сертификатпен марапаттап, арнайы сыйлықтарды тарту етті.
Қаламыздағы ауқымды деңгейде өткізіліп жатырған шаралардың бірегейі ретінде бұл форум әрбір қатысушы қала тұрғындарына және студенттерге пайдалы болды. Форум нәтижесінде келешекте қоршаған ортаға деген талаптарды және эко құндылықтарын дәріптеудітүсіндік. Сонымен қоса келешек бүгіннің жемісі екенін тағы бір мәрте ұғындық. Сондықтан форумның негізгі мақсатының бірі болған табиғатқа деген жанашырлық, әрбір жанның міндеті деп білемін.
https://fim.wku.edu.kz/kk/novosti/17-fizika-kafedrasy/373-t-ra-ty-bolasha-a-arnal-an-zhasyl-kurs#sigFreeId0f8abb2c68
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Физика-математика факультетінің үшінші курс студенті Елтаев А.Е.