2026 жылдың 7 сәуір күні физика-математика факультетінде Батыс Қазақстан облысының қала және ауыл мектептерінің 9–11-сынып оқушыларына арналған маңызды білім беру іс-шарасы – пәндік олимпиада форматындағы Ашық есік күні өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға кәсіптік бағдар беру, олардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал ету, сондай-ақ университеттің білім беру бағдарламаларымен таныстыру болды. Аталған шараға облыстың әртүрлі мектептерінен келген оқушылар белсенді түрде қатысып, өз білімдерін сынады. Әр мектептен математика, физика және информатика пәндері бойынша 3 оқушыға дейін қатысуға мүмкіндік берілді. Қатысушылар командасымен бірге жетекші мұғалімдердің қатысуы қамтамасыз етілді.
Олимпиада бір кезеңнен тұрды. Қатысушылар өз таңдаған пәндері бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады. Барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасына сәйкес дайындалып, оқушылардың білім деңгейін жан-жақты бағалауға бағытталды.
Олимпиада уақыты 3 сағатты (180 минут) құрады. Қатысушылар тапсырмаларды жеке орындап, өздерінің білімдері мен дағдыларын толық көрсете алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатысушылардың жинаған ұпайларының жалпы нәтижесі негізінде анықталды.
Бұл іс-шара оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар беретін маңызды алаңға айналды..







