Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге

Физика және математика факультетінде  білім мен ғылым саласына саналы ғұмырын арнаған, шәкірт тәрбиесінде өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты ұстаз Гүлсім Мақсұтқызының зейнеткерлікке шығуына арналған салтанатты кеш өтті.

Аталған кеш – ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы әрі оның көпжылдық қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға болды. Гүлсім Мақсұтқызы ұстаздық жолында талмай еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегінен орын алып, олардың өмір жолына бағыт-бағдар берген білікті педагог ретінде танылды.

Кеш барысында ұстаздың өмір жолы мен кәсіби жетістіктерін қамтитын әсерлі бейнеролик ұсынылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Салтанатты жиында университет ұжымы ұстазға деген шынайы алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар кеш аясында ұстаздың сыныптастары, түлектері және қазіргі магистрант шәкірттері сөз сөйлеп, оның еңбегін жоғары бағалап, шексіз ризашылықтарын білдірді. Олар Гүлсім Мақсұтқызының тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар өмірлік бағыт-бағдар көрсетуші, тәлімгер тұлға екенін ерекше атап өтті.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – ұстаздың мектептегі өмір жолынан хабардар физика пәні мұғалімі, әрі сынып жетекшісінің сөз сөйлеуі болды. Ол өз сөзінде Гүлсім Мақсұтқызының шәкірттерге деген жанашырлығы мен ұстаздық жолдағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ кеш барысында ұстаздың отбасы атынан айтылған құттықтау да көпшіліктің жүрегіне жылы әсер қалдырды. Аяулы қызы анасына деген ризашылығын білдіріп, оның отбасы мен қоғамдағы орнына тоқталды.

Құрметті Гүлсім Мақсұтқызы! Сіз – тек ұстаз ғана емес, мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тапқан асыл жансыз. Сіздің еңбегіңіз – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын құндылық. Зейнеткерлік – жаңа белес, жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Алдағы өміріңіз зор денсаулыққа, шаттық пен қуанышқа, отбасы амандығына толы болсын!

Кеш соңында әсем ән шырқалып, гүл шоқтары табысталып, естелік суреттерге түсумен аяқталды.