18 наурыз 2026 жылы ғылыми кітапханада математика білім беру бағдарламасының (БББ) студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы көрнекті ұстаз, доцент, физика-математика ғылымдарының кандидаты Жумагалиева Айсулу Елтайқызының қатысуымен мазмұнды кездесу өткізді.
Кездесу аясында ұстаздың ғылыми және педагогикалық қызметіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оның көпжылдық еңбектері мен ғылыми жарияланымдары көпшілікке таныстырылды. Айсулу Елтайқызы – 44 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар білікті маман, жоғары математика саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Оның ғылыми еңбектері мен оқу-әдістемелік құралдары білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді.
Іс-шара барысында Айсұлу Елтайқызы өз өмір жолы, ғылымдағы ізденістері және ұстаздық қызметінің қыр-сыры туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Студенттер мен магистранттар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ғылым жолына келу, кәсіби даму және заманауи білім беру мәселелері жөнінде құнды жауаптар алды. Әсіресе, математиканың түрлі салалары — математикалық анализ, ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика, функционалдық анализ және комплекс айнымалы функциялар теориясы бойынша тәжірибесі қатысушылар үшін ерекше қызығушылық тудырды.
Кездесу еркін сұхбат форматында өтіп, білім алушылар мен оқытушылар арасында өзара пікір алмасу алаңына айналды. Мұндай кездесулер жас мамандардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Аталған іс-шара студенттерге үлкен әсер қалдырып, ғылым мен білім жолындағы табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті.


