Дауылпаз ақын М. Өтемісұлы атын иеленіп отырған БҚУ – да жас кадрлар дайындау ісінде көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаздар қатары барлығы көңіл қуантады. Солардың бірі – бүгінгі толғаныс кейіпкері «Физика және математика» кафедрасының профессоры Сырым Жәлел Сырымұлы.
Бар санаулы ғұмырын жоғары оқу орнының ұстазы болу жолына арнаған ұстазымыздың өнегелі өмір жолына тоқталар болсақ, Жәлел Сырымұлы 1946 жылы 14 маусымда Қаратөбе ауданы Соналы ауылында дүниеге келген. 1962 жылы ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін білімін Орал қаласындағы №11 қазақ орта мектеп – интернатында жалғастырды. Жәлел Сырымұлы ондағы еңбек еткен ардақты да, асыл ұстаздары Жәлел Сырымұлының Орал педагогикалық институтының физика – математика факультетін таңдауына себепші болған.
1971 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім жетілдіру курсынан өтті. 1976 – 1979 жылдары КСРО Педагогика ғылымдары академиясының Оқыту мазмұны мен әдістері ғылыми зерттеу институтында іштей аспирантурада оқып, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде, 1980 жылы «Орта мектеп физика курсында конденсацияланған жүйелердің механикалық қасиеттерін оқыту» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. 1984 жылы доцент, 1996 жылы БҚМУ профессоры атағын алды. 2008 жылдан бері М. Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры.
Жәлел Сырымұлы – 60 – тан астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің авторы. Физика – математика факультетінің студенттеріне арналған «Жалпы физика курсы – механика» оқулығы студенттердің «үстелден түспейтін» кітабына айналды. Заман талабына сай жазылған физикалық құбылыстарды компьютерлік модельдеуге арналған бағдарламаларын облыстың орта мектептерінің физика пәні мұғалімдері тиімді пайдалануда.
Тек университетте сабақ берумен шектелмей, мектеп оқушыларын да ғылыми жұмысқа баулуды естен шығармады.
Жәлел Сырымұлы оқу мен ғылыми жұмыстарды студенттер арасында тәрбие жұмыстармен ұштастыра жүргізді. Тәрбиелік жұмыстарының басты бағыты – ұрпақтар сабақтастығы.
Студентер әрдайым оқытушылардың бойынан жанашырлық пен қамқорлықты іздейтіні анық. Сол қамқорлық Жәлел Сырымұлының бойынан әркез табылады. Ол керек кезде қатал ұстаз да, сырлас та, ақылшы да бола білді. Өмірден көріп білгенін, тәжірибесін студенттермен бөлісіп, ақыл беруден ешуақытта аянған емес. Еңбегі еш кеткен жоқ. Тәрбиелік шарамызда жұбайы Раулия апай және әріптесі Рахметолла Қусайынович студенттерге ұстаздың ұстаздық жолдағы қызықты естеліктерімен бөлісті.