18.11.2024ж. күні “Оқытудағы теория мен практиканың интеграциясы: информатика, физика және математика саласындағы мамандарды даярлаудағы замануи тәсілдер" атты физика- математика факультетінің әдістемелік айлығы аясында Информатика мұғалімдері мен ІТ мамандарын дайындау БББ-ның Сараланған оқыту: “Проблемалық тегеурін” принципін қолданып сабақты жоспарлау тақырыбы бойынша ғылыми әдістемелік семинарының кезекті отырысы өтті. Оны қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалім-эксперттері, кәсіби даму бойынша тренерлері Нагибова Г.С. мен Нурмуханова Г.А. өткізді. Семинарға аталмыш БББ оқытушыларымен қатар, мектепке дейінгі және бастауышта білім беру БББ аға оқытушысы, магистр Ерниязова С.Н, математика мен физика мұғалімдерін дайындау БББ оқытушысы, магистр Мақсот Г.Т. және И-41 топ студенттері қатысты.
Алдымен сөз алған Нурмуханова Г.А. проблемалық оқытудың мақсатына тоқталып, оқушылардың өмірлік шынайы проблеманы шешу арқылы оқу процесіне түгелдей жауапкершілік алатынын, яғни олардың өз бетінше оқу дағдылары дамып, алдын-ала шешімі белгісіз зерттеу тапсырмаларын шешуге үйренетінін айтты. Мұғалімнің оқу процесін ұйымдастырушы ролін атқаратынын, проблемалық оқыту әдісінде оқушылар мұғалім ұсынған проблеманы шешу арқылы өздігінен білім алатынын айта келіп, проблемалық оқытудың ұйымдастырылуы, FILA кестесі мен проблемалық тақтаны толтыру жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Сонан соң, НЗМ-де сабақ беретін сыныптар ішінен 9- сынып оқушыларына проблемалық оқыту әдісін қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сабақтарында проблемалық жағдаяттардың қызықты, әрі шынайы өмірмен байланысты болуын, ресурстардың жеткілікті болуын басты назарда ұстағанын, нәтижесінде оқушылардың командада жұмыс жасауға, болжам жасай білуге, ақпаратты өз бетінше іздеп табуға және талдауға үйренгендігін айтты.
Семинар барысында қатысушылар берілген тапсырма бойынша FILA кестесі мен проблемалық тақтаны толтырды.
Семинарды жалғастырған Нагибова Г.С. оқушылардың жоғары ойлау дағдыларын проблемаға бағытталған оқыту әдісі арқылы қалай дамытуға болады? жаратылыстану-математика пәндері мұғалімдерінің бірлескен іс-тәжірибедегі зерттеуі олардың кәсіби дамуына қалай әсер етеді? деген сұрақтарды зерттеу мақсатында жүргізілген жұмыс іс-тәжірибедегі зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеудің 2020-2021 оқу жылынан бері жүргізіліп келетінін, алғашқы нәтижелерін мұғалімдердің 2022 жылы Ереван қаласында өткен халықаралық ECER-2022 конференциясында таныстырғанын айтып, сонда ұсынылған зерттеу жұмысының нәтижесін демонстрациялады. Зерттеуші мұғалімдер дифференцияцияның проблемалық тегеурін принципі дарынды оқушыларды қолдау, оқушылардың сыни ойлауын дамыту үшін тиімді әдістердің бірі деген тұжырымға келгенін, алайда, зерттеу барысында “ill-structured”, яғни дұрыс құрылымдалмаған проблемалық жағдаяттарды құрастыру, кейбір сыныптарда оқушылардың өз бетінше жұмыстануға дайын болмауы, ресурстардың тапшылығы сияқты қиындықтарға тап болғанын, сондықтан бірлескен зерттеудің арқасында бұндай кемшіліктерді біртіндеп шеше алғанын айтып өтті.
Семинар соңында оған қатысқан оқытушылар мен студенттер тақырып аясында сұрақтар қойып, өздерінің білім қоржынының білім беру үдерісінде сабақты жоспарлаудың жаңа әдістерімен толыға түскенін айтып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.
Информатика мұғалімдері мен IT мамандарын дайындау БББ-ның ҒӘС жетекшісі: Мухамбетова Ғ.Г.