Қайырымдылық айы аясындағы сенбілік

Сенбілік - жұмыстан бос уақытта қоғам игілігі үшін саналы, ұйымдасқан, ерікті түрде жасалатын еңбек. Қайырымдылық айының аясында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті, «Физика-математика» факультетінің ФИ-21, И-31 топ студенттері волонтер Фазылов Ерланның бастамасымен  білім ордасының аумағын тазалап, ұжым қызметкерлеріне мектеп  шырайын əрлендіруге қол ұшын беру мақсатында “Облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатына” аттанған болатын. Студенттер  іс-шараның маңыздылығын жақсы түсініп, белсенді жұмыс істеді. Ауа-райы ашық болып, еңбекке жұмылған əрбір топ бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Айнала қоқыстан арылып, тәрбие мен тәртіпке баулитын қайырымдылық шарасына қатысқан студенттерге мектеп басшысы мен  қызметкерлері   ризашылықтарын білдірді. Сенбілік соңында таза ауамен тыныстап, бойларын ширатқан студенттер естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне қайтты.