“Кәсіби білім берудегі рart-time оқытудың педагогикалық ерекшеліктері“ тақырыбы бойынша дөңгелек үстел

23-қазан күні информатика мұғалімдері мен IT мамандарын дайындау БББ-ның  ғылыми-әдістемелік семинарының жоспарына сәйкес “Кәсіби білім берудегі рart-time оқытудың педагогикалық ерекшеліктері“  тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Семинарды п.ғ.к., доцент Медешова А.Б., аға оқытушы, магистр Акимова С.М. жүргізді. Семинар БББ оқытушыларына аталмыш тақырыптағы ғылыми жоба бойынша 1 жылғы зерттеудің нәтижесімен бөлісу мақсатын көздеді.

Семинарды жүргізуші Медешова А.Б. алдымен кез келген білім алушыға қолжетімді ашық білім беру кеңістігі жағдайында part-time оқытуды модельдеу, оны жүзеге асырудың әдістемесін жасақтап, программалық жасақтамасын әзірлеп, оқу үдерісіне енгізу болып табылатын ғылыми жобаның зерттеу мақсатымен таныстырып, сонан соң зерттеудің міндеттеріне тоқталды.  Зерттеу міндеттері мен күтілетін нәтиженің әр пуктіне тоқталып, атқарылған жұмыстар жөнінде  ақпарат берді. Осы кезге дейін жоба жоспарына сәйкес жоба мүшелерінің Рart-time оқыту мен кәсіби білім беруді цифрландырудың шетелдік және отандық тәжірибелерін талдау,  Қазақстанда қашықтан оқытуды кәсіби білім беру жүйесіне ендірудің қазіргі ахуалын бағалау мақсатында  Қазақстанның және шетелдің (Швеция еліндегі Стокгольм университеті, Ресейдегі Москва қаласындағы Синергия университеті т.б.) бірнеше беделді оқу орындары іссапарға барғанын айтты.

Сонан соң, интерактивті тақтада елімізде білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін құрал ретінде онлайн-курстарға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынатын жоба мүшелері бірлесе әзірлеген edtime.kz білім беру платформасын демонстрациялап, семинарға қатысушыларды оның мазмұнымен таныстырды. Семинар барысында жоба жұмысының атқарылған нәтижелері бойынша отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған мақалалар жайында да айтылды.  

Семинар барысында БББ оқытушылары жоба жетекшісі А.Б. Медешова мен жоба мүшесі С.М. Акимоваға көкейіндегі сұрақтарын қойып,  оларға жоба бойынша толыққанды ақпарат беріп, өз жұмыстарының нәтижесімен бөліскендері үшін  алғыстарын айтты.

Информатика мұғалімдері мен IT мамандарын дайындау БББ-ның

  ҒӘС-ның жетекшісі: Ғ.Г. Мухамбетова