«Зерде» интеллектуалды сайысы

          11.02.2022ж күні «ЖОО-да және мектепте математиканы, физиканы және информатиканы оқытудың заманауи тәсілдері» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік апталық  аясында информатика оқытушылары Г.Қ.Амантурлина , З.М.Химеденова  және Ж.Ж.Багисовтың ұйымдастыруымен «Зерде» интеллектуалды сайысы оздырылды. Сайыс қатысушылардың танымдық-логикалық  іс-әрекетттерінің белсенділігі мен олардың шапшаңдыққа, өз ойларын анық жеткізе білуге, жауапкершілікке, топта  жұмыс істеуге, жұмыс нәтижесіне жетуге, ұйымшылдық  пен жан-жақтылығын арттыру  мақсатын көздеді. Сайысқа 6В06506 информатика БББ-ның  И-11 мен  6В06102 ақпараттық жүйелер  БББ-ның ИС-11  топтарының 1-курс  студенттерінен және Мәншүк Маметова атындағы № 27 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушыларынан құралған командалар қатысты. Интеллектуалды сайыс «Ширату», «Сиқырлы сандық», «Тәуелсіздік жетістіктері», «Ұлы тұлғалар»,  «Бейне сұрақ», «Әріптер сөйлейді» деген кезеңдерді қамтыды. Әр кезең кафедраның аға оқытушылары Г.Г.Мухамбетова, Ж.С.Иксебаева, Ж.Ж.Багисовтың қазылық алқасымен бағаланып отырды.  «Ширату» кезеңінде компьютер тарихы бойынша сұрақтар қойылса, «Сиқырлы сандық» айдарында логикалық сұрақтар, «Тәуелсіздік жетістіктері» кезеңінде еліміздің тәуелсіздік тарихындағы маңызды жылдар берілді.

            Әр адамның ең жақын досы – кітап болғанда, сол нәрлі достық ең әуелі әдебиет кітабымен достасудан басталады» деп қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, келесі кезеңде рухани қазынамыз, қайнар бұлағымыз әдебиет әлемінің парақтарына үңілдік. «Ұлы тұлғалар» деп аталатын айдарымызда ұлы адамдардың игі істері туралы қысқаша мағлұматтар берілді. Әр топ өз команда мүшелерімен ақылдаса отырып қай ұлы тұлға туралы айтылғанын тауып, сол тұлғаға синквейн әдісін қолданды. Сайысымыздың «Бейне сұрақ» деп аталатын бесінші кезеңінде информатика кафедрасының түлектері Меңдешұлы Жандос пен Ислям Эльдар және  №34 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Маулешов Нұрбол Рүстемұлы  өз сұрақтарын бейнежазба арқылы жіберіп ат салысты.  

            Биыл білім ордамыз Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне – 90 жыл толып отыр. Сайысымыздың соңғы кезеңін осы мерейтойға арнадық.  Команда капитандары әріпті таңдап, сол таңдаған бір әріптен басталатын сөздерді біріктіріп университетіміздің 90 жылдық мерейтойына арнап құттықтау сөз жазды.

            Жалпы интеллектуалды сайысқа барлық командалар да белсене қатысты. Әсіресе әрбір кезеңнің тапсырмаларын орындауда қатысушылардың ой ұшқырлығы, зеректігі, топта жұмыс жасай білу қабілетінің жоғарылығы анық байқалды. Дей тұрғанмен де сайыс болғасын  біреуі жеңіп, екіншісі жеңіліс тауып жататыны анық. Кезекті сөз алған әділ қазылар алқасының төрағасы Ғайнеш Гумаровна сайыстың нәтижесін жариялап, қатысушыларға сый-сияпат ұсынып, студенттер мен оқушыларға әрдайым білім айдынында биікке самғауларына тілектестік білдірді. Сайыс нәтижесі бойынша ұпай санымен оза шапқан 6В06506 информатика БББ-ның  И-11тобының студенттерінен құралған команда  1-орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар 2-орынды Мәншүк Маметова атындағы № 27 мектеп-лицейінің командасы, ал 3-орынды 6В06102 ақпараттық жүйелер  БББ-ның ИС-11  тобының командасы  иеленді. Сайыс соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Зухра Максимқызы,

 информатика кафедрасының оқытушысы